Аида Әбікеева Әлем кубогында күміс жүлде иеленді
Финалда Аида өзбекстандық боксшыға есе жіберді.
olympic.kz
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының финалдық кезеңінде Аида Әбікеева күміс жүлдеге қол жеткізді.
65 келі салмақта сынға түскен екі дүркін әлем чемпионы финалда Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Навбахор Хамидовамен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған жекпе-жек жоғары қарқынмен өтіп, екі боксшы да белсенділік танытып, басымдықты өз қолына алуға ұмтылды.
Тартысты өткен кездесудің нәтижесінде төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Навбахор Хамидоваға берді.
Осылайша, Аида Әбікеева Әлем кубогының күміс жүлдегері атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде салды.
Айта кетейік, бұған дейін Әлем кубогында Виктория Графеева алтын медаль иеленсе, Алуа Балқыбекова, Жібек Жарасқызы және Диас Молжігітов қола медальға қол жеткізді.