Бокстан Қазақстан құрамасы Әлем кубогында командалық есепте үшінші орынға ие болды
Жарыс қожайыны Бразилия Әлем кубогында командалық есепте жеңіске жетті.
boxingkazakhstan
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында бокстан 2026 жылғы әлем кубогының алғашқы кезеңі өтті. Турнирге 50 елден 400-ден астам спортшы қатысып, жарыс жоғары деңгейдегі тартыс пен айқын бәсекеге толы болды. Қазақстан құрамасы бұл кезеңге 16 боксшымен қатысып, жалпы есепте үздік нәтижелердің бірін көрсетті.
Жарыстың соңғы күні Қазақстан қоржыны алтын медальдармен толықты. 85 келі салмақта өнер көрсеткен Сұлтанбек Айбарұлы финалда жарыс қожайыны Бразилия боксшысы Кауе Белинимен жұдырықтасты. Үш раунд бойы басымдық танытқан қазақстандық боксшы физикалық басымдығын тиімді пайдаланып, қарсыласын тұрақты соққылармен қыспақта ұстады. Нәтижесінде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Айбарұлына берді.
Тағы бір алтын медаль +80 келі салмақта тіркелді. Валерия Аксенова финалда Мажарстан өкілі София Зирамен кездесті. Қазақстандық спортшы жекпе-жек барысында ширақ қимылдап, айқын басымдықпен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша бұрымды боксшымыз да әлем кубогының чемпионы атанды.
Жалпы жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы командалық есепте үздік үштікке енді. Отандастарымыз 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Жүлдегерлер қатарында Виктория Графеева (алтын), Аида Әбікеева (күміс), Алуа Балқыбекова (қола), Жібек Жарасқызы (қола) және Диас Молжігітов (қола) бар.
Командалық есепте Бразилия көш бастаса, Қытай екінші орынға ие болды. Ал Қазақстан құрамасы үшінші орыннан көрінді.