Ағылшын премьер-лигасында қызмет еткен Скотт Мунн қазақ футболын басқармақ

Жаңа Бас хатшының алдына ауқымды міндеттер қойылып отыр.

Ағылшын премьер-лигасында қызмет еткен Скотт Мунн қазақ футболын басқармақ kff.kz

Бүгін Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті тәжірибелі халықаралық менеджер Скотт Энтони Муннды Бас хатшы қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдады. Ол ресми түрде қызметіне 2026 жылдың 13 шілдесінде кіріседі.

Бұл отандық футбол тарихындағы ерекше қадам. Бұған дейін федерацияның мұндай жоғары лауазымына шетелдік, оның ішінде Ағылшын Премьер-лигасы деңгейінде тәжірибесі бар маман тағайындалмаған еді. Скотт Мунн - еуропалық футбол құрылымында шыңдалған, басқару мен стратегия саласында мол тәжірибе жинақтаған кәсіби функционер.

Жаңа Бас хатшының алдына ауқымды міндеттер қойылып отыр. Атап айтқанда, төрешілік жүйені жаңғырту, футбол академияларын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, клубтарды басқару мен лицензиялау талаптарын күшейту, сондай-ақ коммерциялық және медиа бағыттарды жүйелі түрде қалыптастыру негізгі басымдықтар қатарында. Сонымен қатар, УЕФА және ФИФА ұйымдарымен серіктестікті нығайту да маңызды бағыттардың бірі болмақ.

ҚФФ президенті Марат Омаров бұл шешімнің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, федерация дәл қазір шешуші кезеңде тұр және ұзақмерзімді даму үшін кәсіби менеджмент қажет.

Ал Скотт Мунн өз кезегінде Қазақстан футболының дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Ол федерация басшылығы белгілеген бағытты жоғары бағалап, клубтармен және халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істеуге ниетті екенін айтты.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу