Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионатына қатысу үшін Лондонға келіп жетті

Осыдан 100 жыл бұрын, 1926 жылы үстел теннисінен алғашқы әлем чемпионаты Лондонда өткен болатын.

Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионатына қатысу үшін Лондонға келіп жетті ttfrk.kz

Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында командалық әлем чемпионаты - World Team Table Tennis Championships 2026 өтеді. Бұл турнир алғашқы әлем біріншілігінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Жарыстың символикалық мәні зор. Осыдан 100 жыл бұрын, 1926 жылы, алғашқы әлем чемпионаты дәл осы Лондонда өткен болатын. Сол жылы Халықаралық үстел теннисі федерациясы құрылып, бүгінге дейін осы спорт түрінің дамуын әлем бойынша үйлестіріп келеді.

Бір ғасыр өткен соң жарыс өзі бастау алған жеріне қайта оралып, әлемнің ең мықты құрамаларының басын қоспақ. Жалпы жарысқа 64 ерлер және 64 әйелдер құрамасы қатысады. 

Қазақстан ұлттық құрамасы да дүбірлі додаға қатысу үшін бүгін Лондонға келіп жетті. Әлем чемпионатына дайындық аясында отандастарымыз Астана қаласында 13-25 сәуір аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, физикалық және тактикалық тұрғыдан бабын шыңдады.

28 сәуір күні (Астана уақытымен 23:30) Қазақстан құрамалары алғашқы ойындарын өткізеді. Ерлер арасындағы 11-топта Қазақстан Түркия құрамасына қарсы ойнайды. Бұл матчта ел намысын Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов, Санжар Жұбанов және Искендер Харки қорғайды. Ал әйелдер құрамасы 5-топта Бразилиямен кездеседі. Қазақстан сапында Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Анель Бахыт, Жанерке Кошкумбаева және Мария Лукьянова өнер көрсетеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу