World Boxing ұйымдастыратын жарыстарда Ресей мен Беларусь спортшыларына ұлттық рәміздерін пайдалануға толық тыйым салынды
2026 жылғы наурыз айында World Boxing Беларусь және Ресей бокс федерацияларын ұйымға қабылдаған болатын.
ашық дереккөзден
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымы бүгін AIN (жеке бейтарап спортшылар) атты жаңа рәсімнің барлық талаптарын ресми түрде бекітті. Бұл туралы аталмыш ұйымның баспасөз қызметі мәлімдеді.
World Boxing бекіткен жаңа AIN рәсімі аясында жарыстарға қатысу шарттары айтарлықтай қатаңдатылды. Енді Ресей мен Беларусь спортшылары халықаралық аренада тек бейтарап мәртебеде өнер көрсетеді. Бұл, ең алдымен, ұлттық рәміздерді пайдалануға толық тыйым салынуымен ерекшеленеді. Яғни, жарыс барысында олардың туы көтерілмейді. Алтын медаль жеңіп алған жағдайда әнұран да орындалмайды. Медаль табыстау сәтінде AIN логотипі бейнеленген ту қолданылады. Ал телетрансляциялар мен ресми хаттамаларда спортшылар тек AIN мәртебесімен көрсетіледі.
Бұл талаптар World Boxing ұйымдастыратын жарыстарға, оның Еуропадағы конфедерациясы - European Boxing аясындағы турнирлерге, сондай-ақ ұйымға мүше ұлттық федерациялар өткізетін халықаралық бәсекелерге қатысты қолданылады.
Спорттық киімге қойылатын талаптар да өзгерген. Боксшылардың формасында бұрынғыдай RUS немесе BLR жазуы болмайды. Оның орнына AIN белгісі қойылады. Бұл талап тек спортшыларға ғана емес, жаттықтырушылар мен команда қызметкерлеріне де қатысты. Олар толықтай бейтарап киім киюге міндетті және жарыстың барлық кезеңінде - тіркелу, жеребе тарту, салмақ өлшеу немесе техникалық жиналыстарда ұлттық символикасы бар кез келген затты қолдана алмайды.
Қатысуға рұқсат беру мәселесі де қатаң бақылауға алынған. Ресей мен Беларусь спортшыларының өтінімдері енді тікелей World Boxing ұйымына жолданады. Әрбір спортшы тәуелсіз сарапшылар жүргізетін арнайы тексерістен өтеді. Бұл тексеріс олардың Украинадағы соғысты қолдамағанын, әскери немесе күштік құрылымдармен байланысы жоқ екенін анықтауға бағытталған.
Аталған талаптар негізінен ересектер арасындағы жарыстарға қатысатын спортшыларға міндетті болып саналады. Ал U19 және одан кіші жас санатындағы боксшыларға бұл ережелер толық көлемде қолданылмайды.