9 гол соғылған триллер: «ПСЖ» «Баварияны» тізе бүктірді
Қарымта ойын бір аптадан соң Мюнхенде өтеді.
championat
УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалының алғашқы матчында Париждің «ПСЖ» клубы мен Мюнхеннің «Бавария» командасы жанкүйерлерге нағыз шоу сыйлады. Кездесу 9 голмен аяқталып, 5:4 есебімен париждіктердің пайдасына шешілді.
Ойын өте жоғары қарқында басталды. 17-минутта Гарри Кейн пенальтиден есеп ашып, «Баварияны» алға шығарды. Алайда «ПСЖ» тез жауап қайтарды. 24-минутта Хвича Кварацхелия таразы басын теңестірді. 33-минутта Жоау Невеш париждіктерді алға шығарса, 41-минутта Майкл Олисе есепті қайта теңестірді.
Бірінші таймның соңында 45+5-минутта Усман Дембеле пенальтиді сәтті орындап, «ПСЖ»-ны қайта алға шығарды - 3:2.
Екінші таймда париждік клуб басымдықты күшейтті. 56-минутта Кварацхелия дубль авторы атанса, 58-минутта Дембеле есепті 5:2-ге жеткізді. Дегенмен «Бавария» соңына дейін күресті. 65-минутта Упамекано, ал 68-минутта Луис Диас бір голдан соғып, айырмашылықты қысқартты.
Осылайша матч 5:4 есебімен «ПСЖ»-ның жеңісімен аяқталды. Кездесу екі команда арасындағы тартыстың қаншалықты жоғары деңгейде екенін көрсетті және жанкүйерлер тарапынан «Чемпиондар лигасының тарихындағы ең әсерлі матчтардың бірі» деген пікірлер айтылуда.
Қарымта ойын бір аптадан кейін Мюнхендегі «Альянс Арена» стадионында өтеді. Сол матчтың қорытындысы бойынша финалға шығатын команда анықталады.