Рабаттағы Гран-приде қазақстандық пара спортшылар 11 медаль жеңіп алды

Қазақстандық пара спортшылар бес сайыс түрінен сынға түсті.

Рабаттағы Гран-приде қазақстандық пара спортшылар 11 медаль жеңіп алды kazparalympics

Рабат қаласында өткен пара жеңіл атлетикадан халықаралық Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 11 медаль еншіледі. Отандастарымыз 1 алтын, 4 күміс және 6 қола жүлде иеленді.

Алтын медальді диск лақтыру сайысында (F-53 санаты) Махамбет Серікалиев жеңіп алды. Осы жаттығуда Санат Есмахамбет те (F-53) қола жүлдегер атанды.

Жүгіру бағдарламасында да қазақстандық спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. 200 метр қашықтықта Мейіржан Мақшат (T-46) пен Аман Устебаев (T-36) мәреге үздік үштіктің қатарында келіп, қола медальға қол жеткізді. Сонымен қатар Мейіржан Мақшат ұзындыққа секіруден (T-46) күміс жүлде иеленді.

Лақтыру сайыстарында да ел қоржыны медальмен толықты. Найза лақтырудан Мұқан Айтмырзаев (F-55) пен Махамбет Серикалиев (F-53) қола жүлдеге қол жеткізді. Ал ядро итеруде Дастан Мукашбеков (F-36), Равиль Мансурбаев (F-46) және Мұқан Айтмырзаев (F-55) күміс медаль жеңіп алды. Бұл бағдарламада Диана Шапошникова (F-40) қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, пара жеңіл атлетикадан Гран-при 23-25 сәуір күндері өтті. Халықаралық додаға 57 елден 750-ден астам спортшы қатысып, жоғары деңгейдегі бәсеке өрбіді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу