Қазақстан құрамасы Лондондағы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Қазақстан ерлер құрамасы Түркияны жеңді.

Қазақстан құрамасы Лондондағы әлем чемпионатын жеңіспен бастады ашық дереккөзден

Лондонда 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты - World Team Table Tennis Championships 2026 өтіп жатыр. Биылғы турнирдің ерекшелігі - алғашқы әлем біріншілігінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Дүбірлі додаға 64 ерлер және 64 әйелдер құрамасы қатысуда.

Жарыстың бірінші күні Қазақстан құрамасы аралас нәтижелер көрсетті.

Ерлер құрамасы Түркияға қарсы кездесуде 3:1 есебімен жеңіске жетті. Кирилл Герасименко Абдулла Йигенлерді 3:0 есебімен жеңсе, Айдос Кенжигулов Ибрагим Гундузды 3:1 есебімен ұтты. Сондай-ақ Герасименко Горкем Окалды тағы бір ойында 3:0 есебімен тізе бүктірді. Тек Алан Курманғалиев Горкем Окалға 1:3 есебімен есе жіберді.

Ал әйелдер құрамасы Бразилиямен өткен кездесуде 1:3 есебімен жеңілді. Бұл ойында Зәуреш Акашева Джулия Такахашиді 3:2 есебімен жеңіп, командаға жалғыз ұпай сыйлады. Қалған кездесулерде Сарвиноз Миркадирова Бруна Такахашиге 0:3, Жанерке Кошкумбаева Лаура Ватанабеге 2:3, ал Зәуреш Акашева Бруна Такахашиге 0:3 есебімен жол берді.

Бүгін Қазақстан ерлер құрамасы Египетке қарсы ойнайды. Кездесу Астана уақытымен 23:30-да басталады. Ал әйелдер құрамасы Моңғолиямен кездеседі. Матч 21:00-ге жоспарланған.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу