«Тобыл» тоғыз ойыншымен «Астананы» тізе бүктірді

«Тобыл» Қазақстан Кубогының ширек финалына шықты.

«Тобыл» тоғыз ойыншымен «Астананы» тізе бүктірді kazfootball

«Тобыл» командасы Қазақстан Кубогының 1/8 финалында сырт алаңда елордалық «Астана» командасын 2:1 есебімен жеңді. Қостанайлық ұжым матч соңында тоғыз ойыншымен қалды. 

Кездесу қарқынды басталды. 7-минутта «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Амин Талал шабуылды сәтті аяқтап, есеп ашты - 0:1. Ерте гол ойынның бағытын өзгертіп, алаң иелерін шабуылға итермеледі.

Бірінші таймның соңына қарай қостанайлықтар қиын жағдайға тап болды. 42-минутта ескерту алған Данияр Үсенов қосымша уақытта екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша, «Тобыл» үзіліске дейін он ойыншымен қалды. Соған қарамастан, есеп өзгеріссіз сақталды.

Екінші таймда «Астана» қысымды күшейтіп, тек 80-минутта ғана таразы басын теңестірді. Қорғаушы Санжар Әнуаров көзге түсіп, есепті теңестірді - 1:1. 

87-минутта Жаслан Жұмашев қарсылас қақпасын дәл көздеп, «Тобылды» қайта алға шығарды. Бұл гол кездесудің тағдырын шешті.

Алайда қиындық мұнымен бітпеді. Матч соңында шабуылшы Рубин Хебай жарақат алып, командада ойыншы алмастыру мүмкіндігі қалмағандықтан, қостанайлықтар матчты тоғыз ойыншымен аяқтауға мәжбүр болды. Соған қарамастан, олар есепті сақтап, сенсация жасады.

Нәтижесінде «Тобыл» Қазақстан Кубогының ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде олар «Қайсар» мен «Қайрат» арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу