Көкшетауда заманауи стадионның құрылысы басталды
Жаңа стадион Көкшетаудың спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
kff.kz
Бүгін, 29-сәуір Көкшетау қаласында ірі спорттық инфрақұрылым жобасының құрылысы ресми түрде басталды. Сарыарқа шағын ауданында 10 000 көрерменге арналған жаңа стадионның іргетасына уақыт капсуласын қою рәсімі өтті.
Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйекте Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Жаңа стадион UEFA-ның 4-санатына сай заманауи талаптарға толық жауап береді. Жобада жайлы трибуналар, санитарлық аймақтар, фудкорттар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар, нысан аумағында "Оқжетпес" футбол клубы үшін толыққанды жаттығу базасын салу жоспарланып отыр.