Қазақстандық үстел теннисінің шеберлері Моңғолия мен Мысырды тізе бүктірді
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы жорығын сенімді жалғастырып, келесі кезеңге шығу жолында маңызды ұпайлар жинауда.
ҚР Үстел теннисі федерациясы
Лондон қаласында үстел теннисінен өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жарыстың екінші күнінде жақсы нәтижелер тіркеді. Отандастарымыз әйелдер және ерлер құрамалары арасында маңызды жеңістерге қол жеткізді.
Әйелдер бәсекесінде Қазақстан құрамасы Моңғолияны сенімді түрде 3:0 есебімен жеңді. Зәуреш Акашева қарсыласынан айқын басым түсіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін Сарвиноз Миркадирова тартысты ойында 3:1 нәтижесін тіркеді. Ал Анель Бахыт кездесуді 3:0 есебімен аяқтап, жалпы есепті ірі жеңіске жеткізді.
Енді қазақстандық қыздар бүгін, 30 сәуір күні Чехия құрамасына қарсы ойнайды. Бұл матч Астана уақытымен 21:00-де басталады.
Ерлер арасында Қазақстан құрамасы Мысырды 3:2 есебімен тізе бүктірді. Кездесудің алғашқы ойынында Кирилл Герасименко тәжірибелі қарсыласын 3:0 есебімен ұтты. Алан Құрманғалиев өз кездесуін 3:1 есебімен аяқтады.
Алайда келесі ойындарда қарсыластар қарымта қайтарды. Искендер Харки 0:3 есебімен жеңілсе, Құрманғалиев Омар Ассарға қарсы тартысты матчта 2:3 есебімен есе жіберді. Шешуші кездесуде Кирилл Герасименко тағы да шеберлігін дәлелдеп, 3:1 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстанға жалпы жеңісті алып келді.
Ерлер құрамасы да келесі ойынын бүгін Таиландқа қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақытымен 23:30-да басталады.