Қазақстан Кубогының ширек финалистері анықталды
1/4 финалға өткен командалар бір матчтық кездесу өткізеді.
Ордабасы ФК
Қазақстан Кубогының 1/8 финалдық кезеңі аяқталып, ширек финалға жолдама алған командалар анықталды.
Бүгін ойындардың бірі Ақтөбе қаласында өтті. Алаң иелері «Елімай» клубын 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жоладама алды. Матчта португалиялық шабуылшы Нани 59 және 83-минуттарда гол соғып, дубль авторы атанды. Бұл оның «қызыл-ақтар» сапындағы алғашқы голдары болды. Қонақтар сапынан Рамазан Оразов қосымша уақытта бір гол салды.
Тағы бір кездесуде бүгін «Ордабасы» өз алаңында «Каспий» командасын қабылдап, сенімді жеңіске жетті - 3:0. Ойынның 17-минутында Димитар Митков есеп ашса, 64-минутта Диержон Арипов алаңнан қуылып, қонақтар саны азайды. Осыдан кейін Митков тағы екі рет мергендік танытып, хет-трик жасады.
Осылайша, турнирдің ширек финалында «Ордабасы» - «Жетісу», «Ақтөбе» - «Алтай», «Қайсар» - «Тобыл» және «Жеңіс» - «Қызылжар» командалары өзара кездеседі.
Айта кетейік, ширек финал ойындары бір матчтан тұрады. Ал жартылай финалда командалар екі кездесуде жеңімпазды анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы турнир жеңімпазы «Тобыл» клубы болған еді. Қостанайлықтар финалда «Ордабасыны» ұтқан болатын.