«Жетісу» Азия чемпиондар лигасының қола жүлдегері атанды

Қола жүлде үшін өткен кездесуде «Жетісу» тайландтық команданы 3:0 есебімен жеңді.

«Жетісу» Азия чемпиондар лигасының қола жүлдегері атанды vc_zhetysu

Талдықорғандық «Жетісу» әйелдер волейбол клубы 2026 жылғы Азия чемпиондар лигасында қола жүлдегер атанды. Турнир Бангкок қаласында өтіп жатыр. Бұл тарихтағы екінші AVC Women’s Champions League жарысы.

Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандық команда Тайландтың Supreme TIP Chonburi клубымен күш сынасты. Қола жүлде үшін өткен ойында бас бапкер Марко Гршич жетекшілік ететін «Жетісу» қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, сенімді түрде 3:0 (25:18, 25:15, 25:21) есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, жартылай финалда «Жетісу» Жапонияның NEC Red Rockets командасына есе жіберсе, тайландтық клуб ел чемпионы Nakhon Ratchasima ұжымынан ұтылған болатын.

Өткен маусымда «Жетісу» осы турнирде чемпион атанып, тарихта алғашқы Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы болған еді. Биыл қазақстандық клуб жүлделі үшінші орынмен жарысты аяқтап, тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу