Бибісара Асаубаева әлемнің үздік 7 шахматшысының қатарына енді
Үміткерлер турниріндегі табысты өнерінің арқасында Бибісара Асаубаева бір ай ішінде 11,2 рейтингтік ұпай жинап, әлемдік рейтингіде екі сатыға жоғарылады.
Instagram @bibisarachess
Бүгін, 1-мамыр FIDE әйелдер арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады. Тізімде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева өзінің көрсеткішін жақсартып, жетінші орынға көтерілді.
Бибісараның рейтингтегі серпінді өсуі Кипрдің Пафос қаласында өткен Үміткерлер турниріндегі нәтижелерімен тікелей байланысты. Аталған жарыста қазақстандық шахматшы 14 турда 8 ұпай жинап, екінші орынды иеленді.
Көш басында Қытай шахматшылары тұр. Бірінші орынды Хоу Ифань (2596,0) иеленсе, екінші және үшінші орындарда Лэй Тинцзе (2566,0) мен Цзюй Вэньцзюнь (2559,0) орналасқан.
Алғашқы ондықта Чжу Цзиньэр 2546,0 ұпаймен төртінші орында тұр. Бесінші сатыға 2535,6 ұпаймен Александра Горячкина жайғасқан. Алтыншы орынды 2535,0 ұпаймен Хампи Конеру иеленсе, жетінші орында 2527,2 ұпаймен Бибісара Асаубаева орналасқан. Сегізінші орынға 2521,8 ұпаймен Анна Музычук тұрақтаса, тоғызыншы сатыда 2516,6 ұпаймен Тань Чжунъи тұр. Ал алғашқы ондықты 2505,8 ұпаймен Катерина Лагно түйіндейді.