Нұрәділ Әлжан Душанбе Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алды

Нұрәділ Әлжан мансабында алғаш рет Grand Slam турнирінің жүлдесін жеңіп алды.

Нұрәділ Әлжан Душанбе Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алды Judo team

Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өтіп жатқан дзюдодан беделді IJF Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Нұрәділ Әлжан қола медаль иеленіп, халықаралық аренада маңызды нәтижеге жетті.

22 жастағы спортшы жарысты сенімді бастады. Ол 1/8 финалда нидерландылық тәжірибелі дзюдошы Эмиль Джарингті жеңіп, келесі кезеңге өтті. Айта кету керек, қарсыласы бұған дейін бірнеше мәрте Grand Slam кезеңдерінің жүлдегері атанған.

Ширек финалда Әлжан жас та болса қарқыны мықты тәжікстандық Лоик Кубдудиновқа жол берді. Дегенмен, ол жарысты жалғастырып, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.

Жұбаныш белдесуінде қазақстандық балуан өзбекстандық Мухаммаджон Машариповты айқын басымдықпен ұтты. Ал қола медаль үшін өткен шешуші кездесуде ресейлік Ачыты Домбууға қарсы шеберлігін дәлелдеп, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Нұрәділ Әлжан өз мансабында алғаш рет Grand Slam турнирінің жүлдесін жеңіп алды.

Айта кетейік, бұған дейін Әлжан 2025 жылы Ұлан-Батыр мен Ташкенттегі кезеңдерге қатысып, тәжірибе жинақтаған болатын. Сондай-ақ сәуір айында өткен Азия чемпионатында жүлдеге бір табан жақын болғанымен, медальға қол жеткізе алмаған еді. Алайда Душанбе татамиіндегі бұл жеңіс оның қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетті.

Жарыс 3-мамырға дейін жалғасады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу