Давиде Баллерини «Президенттік Түркия турының» кезеңінде жеңіске жетті
XDS Astana Team командасының велошабандозы Давиде Баллерини «Президенттік Түркия туры» көпкүндігінің жетінші кезеңінде жеңімпаз атанды.
XDS Astana Team
Антальяда өткен 152,8 шақырымдық кезең қолайсыз ауа-райымен есте қалды. Жарыс соңында жаңбыр жауып, жол тайғақ болғанына қарамастан, финиште жаппай спринт орын алды. Осындай қиын жағдайда италиялық велошабандоз тамаша тактика көрсетіп, мәреге бірінші жетті.
Бұл жеңіс Баллерини үшін ерекше болды. Себебі ол алғаш рет XDS Astana Team сапында жеңіс тойын тойлады. Осы нәтижеден кейін ол ұпайлар классификациясында көш бастады.
Жарыстан кейін спортшы өз әсерімен бөлісті:
«Бүгін біз үшін жақсы күн болды. Кезеңнің соңында жаңбыр мен тайғақ жол жұмысты қиындатты. Бірақ, команда өте жақсы жұмыс істеді. Нәтижесінде жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бұл жеңіс мен үшін үлкен мәнге ие. Ертең не боларын көреміз», - деді Баллерини.
Енді команда алдағы кезеңдерге және жалпы классификациядағы нәтижелерге назар аудармақ.