Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты
1/16 финалдық матчтар бүгін өтеді.
ttfrk.kz
Англия астанасы Лондонда өтіп жатқан үстел теннисінен командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Ерлер құрамасы топтық кезеңде тамаша нәтиже көрсетіп, үш матчтың үшеуінде де жеңіске жетті. Осылайша қазақстандықтар өз тобында бірінші орын алып, тікелей 1/16 финалға өтті. Команда көшбасшысы Кирилл Герасименко бастаған спортшылар шешуші кездесулерде жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті.
Ал әйелдер құрамасы топта екінші орын иеленіп, плей-офф жолдамасын өтпелі матч арқылы жеңіп алды. Қазақстандық қыздар Бельгия құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, үздік 32 команданың қатарына енді.
Бүгін, 4 мамыр күні 14:00-де әйелдер құрамасы Швецияға қарсы ойнайды. Қазақстан құрамасының сапында Зәуреш Акашева, Сарвиноз Миркадирова, Анель Бахыт, Жанерке Кошкумбаева және Мария Лукьянова бар.
Ал ерлер құрамасы бүгін 16:30-да Испаниямен кездеседі. Команда сапында Кирилл Герасименко, Алан Курманғалиев, Айдос Кенжигулов, Санжар Жұбанов және Искендер Харки өнер көрсетеді.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында өтіп жатыр және оған 64 ерлер және 64 әйелдер құрамасы қатысуда.