Талғат Жайлауов: «Жігіттер ойынды толық бақылауда ұстады»
Хоккейден әлем чемпионатының IA дивизионының А тобында Қазақстан құрамасы Жапонияны 6:0 есебімен ойсырата жеңді.
Барыс ХК
Қазақстан - Жапония арасындағы кездесуден кейін ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Жайлауов журналистерге сұхбат беріп, матчқа қатысты пікірін білдірді.
- Ойын туралы не айтасыз?
- Матч ерте басталды. Сондықтан хоккейшілеріміздің қалпына келуіне уақыт аз болды. Соған қарамастан, командалық әрекеттер біртіндеп өз деңгейіне келе бастады.
- Алғашқы кезеңде тағы да гол соғу қиынға соқты. Бұл Жапонияның жылдам ойынына бейімделумен байланысты ма?
- Әр команданың өз ойын мәнері бар. Біз қарсыласты зерттейміз. Бірақ, матч 60 минутқа созылады. қорғанысты бұзу оңай емес. Оның үстіне қарсылас қақпашысы да жақсы ойнады. Дегенмен, біз шешімін таптық. Жігіттер әдемі голдар соғып, ойынды толық бақылауда ұстады.
- Құрамда өзгерістер болды. Бұл шешім өзін ақтады деп ойлайсыз ба?
- Біз бірінші матчта да голдар соқтық. Сондықтан нәтиже беріп жатқан құрамды өзгертпеуді жөн көрдік. Жақсы нәтиже беріп тұрған кезде жаңа нәрсе іздеудің қажеті жоқ деп санаймын.
- Батырлан Мұратов бірінші құрамға көбірек сай келеді деп ойламайсыз ба?
- Біз әлі де оңтайлы үйлесімді іздеп жатырмыз. Жігіттер бір-біріне үйренісіп, байланысын күшейтіп келеді. Негізі көп ойыншылар маусым барысында бірге ойнаған.
- Клубтық деңгейге келсек, «Барыс» жүйесіндегі ойыншыларды бақылап жүрсіз. Артур Ғатиятовтың ойыны ерекше көзге түсіп жүр. Оның негізгі командаға ауысу мүмкіндігі қандай?
- Ол тізімде бар. Маусым басында бәрі өзіне байланысты болады. Бұған дейін біз оның «Номадта» қалуы үшін күрестік. Бұл біздің бастамамыз еді. Қазір ол сенімді ойын көрсетіп жүр.
- Екі матч пен сегіз жаңа ойыншыны ескерсек, жастарға сенім артқаныңызға көңіліңіз тола ма?
- Жастар қарқын алып келеді. Маған олардың ойын тапсырмаларын орындауы, өзара әрекеті ұнайды. Әрине, кей сәттерде тәжірибенің жетіспеуі байқалады. Біз оларға бұл ересектер хоккейі екенін, мұнда барынша жауапкершілікпен ойнау керегін түсіндіріп жатырмыз.
Айта кетейік, бұл матчта Қазақстан құрамасы екінші кезеңде есеп ашып, Дінмұхамед Қайыржан, Аңсар Шайхмедденов және Дмитрий Бреус алғашқы шайбаларын соқты. Үшінші кезеңде есеп 6:0-ге дейін жетіп, қатарынан екінші матчта жеңіс тойын тойлады.
Құрамамыз келесі кездесуін 5-мамыр күні 22:30-да Польшаға қарсы өткізеді.