Зілтемірші Бейбарыс Ерсеит жасөспірімдер арасында әлемдік рекорд орнатты
Қазақстандық спортшы жұлқа көтеру жаттығуында 131 келіні еш қиындықсыз еңсерді.
ашық дереккөзден
Мысырдың Исмаилия қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты басталды. 2-8 мамыр аралығында өтіп жатқан додада әлемнің үздік жас зілтеміршілері жиналып, өзара мықтыны анықтауда.
Қазақстан құрамасы бұл жарысқа үш спортшымен қатысуда. 65 келі салмақ дәрежесінде Қызылорда қаласының өкілі Ерсеит Бейбарыс ел намысын қорғады. Сондай-ақ, 88 келіде Жетісу облысынан Әскербай Әлихан мен қызылордалық Сәулебеков Ерасыл өнер көрсетеді.
3 мамыр күні өткен 65 келі салмақ дәрежесіндегі бәсекеде Ерсеит Бейбарыс ерекше нәтижесімен көзге түсті. Ол жұлқа көтеру жаттығуында 131 келіні еңсеріп, жасөспірімдер арасында жаңа әлемдік рекорд орнатты. Айта кетейік, жас спортшы ақпан айында ғана 17 жасқа толған.
Алайда жарыс барысында сәтсіз жағдай да орын алды. Серпе көтеру жаттығуында 153 келіні бағындыруда алғашқы талпыныс кезінде Бейбарыс өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалды. Осыған байланысты ол жарысты жалғастыра алмай, жарыстан шығып қалды. Соған қарамастан, Ерсеит Бейбарыстың көрсеткен нәтижесі - үлкен жетістік.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы мамыр айында Лимада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Бейбарыс қоссайыс нәтижесі бойынша 262 (117+145) келі салмақты бағындырып, алтын медаль жеңіп алған болатын.
6 мамыр күні 88 келі салмақ дәрежесінде Әскербай Әлихан мен Сәулебеков Ерасыл жарыс жолына шығады.