Зульфия Габидуллина Париждегі әлемдік пара жүзу сериясында қола жүлде жеңіп алды
Бұл жарыста тағы бір қазақстандық пара спортшы Азия рекордын орнатты.
csp_parasport
1-3 мамыр аралығында Франция астанасы Парижде пара жүзуден әлемдік серия жарысы өтті. Дүбірлі додаға 39 елден 200-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған жарыста Қазақстан құрамасының тәжірибелі спортшысы Зульфия Габидуллина сәтті өнер көрсетті. Ол 150 метрлік кешенді жүзу қашықтығын 3 минут 47 секундта еңсеріп, қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл сында бірінші орынды Өзбекстан өкілі Лолахан Кадирова (3:00.51) иеленсе, екінші орын ресейлік Зоя Щуроваға (3:34.21) бұйырды.
Сонымен қатар, қазақстандық жүзуші Диас Кенжебек те жоғары нәтиже көрсетті. Ол S10 класында 100 метрге шалқалап жүзу бойынша 1 минут 3 секунд уақыт көрсетіп, Азия рекордын жаңартты.
Париждегі додада Қазақстан намысын Зульфия Габидуллина мен Диас Кенжебектен бөлек, Наталья Звягинцева, Ержан Сәлімгереев, Сәулет Рахманберді және Мақсат Сәрсембаев қорғады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы алдағы уақытта 7-9 мамыр күндері Берлинде өтетін халықаралық жарысқа қатысады.