Орталық Азиядағы ең ірі стадионның құрылысы аяқталуға жақын

«Бішкек Арена» Орталық Азиядағы ең ірі стадион мәртебесіне ие болмақ.

Орталық Азиядағы ең ірі стадионның құрылысы аяқталуға жақын kaktus.media

Бішкек қаласының оңтүстік-батысындағы Орок ауылында жаңа футбол стадионы – «Бішкек Арена» құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа стадион 51 мың көрерменге арналған. Оның архитектуралық шешімі қырғыз халқының дәстүрлі киіз үйінен шабыт алған. Аренаның диаметрі шамамен 280 метрді құраса, биіктігі 70 метрге дейін жетеді. Стадион футболға арнайы бейімделіп салынуда. Сондықтан жеңіл атлетикалық жүгіру жолағы қарастырылмаған. Бұл көрермен мен алаң арасындағы арақашықтықты арттырып, ойын атмосферасын күшейтеді.

«Бішкек Арена» FIFA және Азия футбол конфедерациясының барлық талаптарына сәйкес келеді. Мұнда Қырғызстан ұлттық құрамасының матчтары, халықаралық турнирлер, ірі концерттер мен түрлі бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Жоба бірнеше жыл бойы талқыланып, 2023 жылы құрылысқа арналған капсула салынған болатын. Ал белсенді құрылыс жұмыстары 2024 жылдың басында басталды. Құрылыс құны шамамен 60 миллион АҚШ долларын құрайды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, құрылыс жұмыстары жоспардан да жылдам жүріп жатыр. Қазіргі таңда негізгі бетон және қаңқалық жұмыстар толық аяқталуға жақын. Енді сыртқы металл конструкциялары мен шатыр жүйесін орнату кезеңі жүргізілуде. Стадионды 2026 жылдың тамыз айында толық аяқтап, 31 тамызда ресми ашу жоспарланып отыр.

Жаңа аренаның ашылуында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты рәсімі өтеді деп күтілуде.

Сонымен қатар стадион аумағында үш қабатты сауда орталығы, автотұрақтар және өзге де инфрақұрылымдық нысандар салынбақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу