Қазақстан құрамасы Лондондағы әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты

Қазақстандық үстел теннисінің шеберлері бұрын-соңды мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.

Қазақстан құрамасы Лондондағы әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты ttfrk.kz

Лондонда өтіп жатқан үстел теннисінен командалық әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Біздің спортшылар алғаш рет турнирдің 1/8 финалына жолдама алды.

Плей-офф кезеңінің алғашқы матчында Қазақстан құрамасы Испанияны 3:1 есебімен сенімді түрде жеңді. Енді 6 мамыр күні қазақстандықтар Олимпиада-2024 жартылай финалисі Жапония құрамасына қарсы ойнайды. Ал, жапониялықтар Бельгияны жеңіп, келесі кезеңге өткен.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне топ жеңімпазы ретінде шықты. 11-топта біздің теннисшілер Түркияны (3:1), Египетті (3:2) және Таиландты (3:1) ұтып, үздік нәтиже көрсетті.

Жекелеген ойыншылардың көрсеткіштері де көңіл қуантады. Кирилл Герасименко 8 жеңіске жетіп, команданың көшбасшысы атанды. Алан Курманғалиев 3 жеңіс пен 2 жеңіліс тіркесе, Айдос Кенжегулов 1 жеңіс, 1 жеңіліспен өнер көрсетті. Искендер Харки мен Санжар Жубанов бір-бір матчтан жеңіліс тапты.

Сондай-ақ әйелдер құрамасы өз тарихындағы алғашқы әлем чемпионатында лайықты өнер көрсетті. Топтық кезеңде Бразилиядан 1:3 есебімен жеңілгенімен, кейін Моңғолияны (3:0) және Чехияны (3:2) жеңіп, екінші орынмен плей-оффқа жолдама алды. Өтпелі матчтарда Бельгияны 3:0 есебімен ұтқан қазақстандық қыздар 1/16 финалда Швецияға 1:3 есебімен есе жіберді. Құрама сапында Сарвиноз Миркадирова, Зәуреш Акашева, Ангелина Романовская және Анастасия Лаврова өнер көрсетті. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу