Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой рингке қайта оралады
Париж Олимпиадасынан кейін біраз үзіліс алған қазақстандық боксшы сәуір айының басында кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастыру мақсатында Ұлыбританияның Лондон қаласына аттанған болатын.
ашық дереккөзден
Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев рингке оралады. Ол алдағы күндері Черногорияда жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді.
Боксшының айтуынша, бастапқы жоспар өзгерген:
«Жоспар өзгерді… Осы аптаның соңында Черногорияда рингке шығамын. Күтпеген жекпе-жек. Бірақ біз әрқашан дайынбыз. Мамыр айының аяғындағы айқас алдында тағы бір сынақ», деді Қамшыбек өзінің Instagram парақшасында.
BoxRec.com ақпаратына сүйенсек, жекпе-жек 9 мамыр күні Никшич қаласында өтеді. Қарсыласы - венесуэлалық тәжірибелі боксшы Йонни Молина. Кездесу суперауыр салмақта өтіп, алты раундқа жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Қоңқабаев 24 мамырда Англияның Болтон қаласында өтетін бокс кешіне қатысуды жоспарлаған болатын. Алайда кейін жоспар өзгерді.