Әлемдік дзюдо жұлдыздары Астанада бас қосады
2026 жылдың 8-10 мамыр аралығында Астана қаласында дзюдодан әлемдік рейтингтік турнир - Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 өтеді.
Биыл Qazaqstan Barysy Grand Slam елордада төртінші рет ұйымдастырылып отыр және әлемнің ең мықты татами шеберлерін бір арнаға тоғыстырады. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Мұнда Олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары мен халықаралық рейтинг көшбасшылары бақ сынайды.
Белгілі болғандай, турнирдің басты жұлдыздарының қатарында Рафаэла Силва (Рио-2016 Олимпиада чемпионы), Фабио Базиле (Рио-2016 Олимпиада чемпионы), Барбара Матич (Париж-2024 Олимпиада чемпионы), Инал Тасоев (үш дүркін әлем чемпионы) сынды танымал спортшылар бар.
Сонымен қатар, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегерлер де татамиге шығады. Атап айтқанда, Ян Юн Вэй, Уилльян Лима, Мириам Буткерайт, сондай-ақ Қазақстан намысын қорғайтын Ғұсман Қырғызбаев жанкүйерлер назарында болады.
Бұл турнир Халықаралық дзюдо федерациясы күнтізбесіне енгізілген және олимпиадалық іріктеу кезеңінде ерекше маңызға ие. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер әлемдік және олимпиадалық рейтингке ұпай жинайды: бірінші орынға - 1000, екінші орынға - 700, үшінші орынға - 500 ұпай беріледі.