Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы финалисі анықталады

Чемпиондар лигасының финалы 30-мамыр күні Будапештегі Пушкаш-Аренада өтеді.

Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы финалисі анықталады uefachampionsleague

Бүгін, мамырдың 5-нен 6-сына қараған түні УЕФА Чемпиондар лигасы жартылай финалының қарымта ойынында «Арсенал» өз алаңында «Атлетико Мадрид» командасын қабылдайды. Лондондағы «Эмирейтс» стадионы төрінде өтетін бұл кездесу маусымның ең тартысты матчтарының бірі болмақ.

Алғашқы ойын 1:1 есебімен тең аяқталған еді. Екі гол да пенальтиден соғылды. Бұл нәтиже лондондық клубқа белгілі бір артықшылық береді. Өйткені енді олар өз жанкүйерлерінің алдында ойнайды.

Микель Артета жаттықтыратын «Арсенал» биылғы маусымда өз алаңында өте сенімді өнер көрсетіп келеді. Чемпиондар лигасы аясында олар әлі жеңіліс тапқан жоқ. Жақында ғана «Фулхэмді» 3:0 есебімен ұтып, команда керемет формада екенін дәлелдеді. Сол ойында шабуылшы Виктор Гёкереш дубль авторы атанып, командадағы негізгі күштің бірі екенін көрсетті. Ал Букайо Сака маңызды матч алдында демалуы үшін ерте ауыстырылды.

Дегенмен, Диего Симеоне шәкірттерін елемеу үлкен қателік. «Атлетико» - плей-офф кезеңінде тәжірибесі мол, кез келген жағдайда нәтижеге жете алатын команда.

Команданың көшбасшылары - Коке, Антуан Гризманн, Маркос Льоренте және қақпашы Ян Облак толық дайын. Сонымен қатар, шабуылдағы Хулиан Альварес соңғы уақытта жоғары нәтижелілігімен ерекшеленіп жүр.

Қағаз жүзінде «Арсенал» фаворит саналғанымен, бұл кездесу тең деңгейде өтуі мүмкін. «Атлетико» қорғаныста мықты ойнап, қарсы шабуылда қауіпті. Сондықтан матчтың негізгі уақыты тең аяқталып, қосымша уақытқа созылуы да ғажап емес.

Бір нәрсе анық - бүгінгі ойын тек финал жолдамасын ғана емес, екі түрлі футбол философиясының текетіресін көрсетеді. Лондондықтардың шабуылдаушы стилі мен мадридтіктердің тәртіпке құрылған тактикасы қайсысы басым болатынын уақыт көрсетеді.

Айта кетейік, «Арсенал» - «Атлетико Мадрид» матч бүгін Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады. Тікелей эфирді Qazaqstan телеарнасынан тамашалауға болады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу