Елдос Сметов Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде өнер көрсетеді
Елдос Сметовтің татамиге оралуы турнирдің басты оқиғаларының бірі болмақ.
ашық дереккөзден
Елдос Сметов Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирінде татамиге қайта оралады. Бұл жарыс оның Париж 2024 Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми бәсекесі болмақ.
Айта кету керек, Сметов Қазақстан тарихындағы ең табысты дзюдошылардың бірі. Ол Олимпиада ойындарының толық медальдар жиынтығын иеленген бірегей спортшы. Атап айтқанда, ол Парижде өткен Олимпиадада алтын медаль жеңіп алса, бұған дейін Рио 2016 Олимпиадасы күміс жүлдегері және Токио 2020 Олимпиадасы қола жүлдегері атанған.
Астанадағы турнир оның ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы ресми жарысы болмақ. Сонымен қатар, жанкүйерлер Олимпиада чемпионына ғана тән алтын жолақ тағылған кимононы да алғаш рет көре алады. Бұл оның әлемдік дзюдодағы жоғары мәртебесін айқындай түседі.
Спортшының турнирдегі алғашқы қарсыласы әзірге белгісіз. Ұйымдастырушылар бұл бағытта тосынсый әзірлеп жатқанын мәлімдеді.
Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 8-10 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.