Қазақстан мен Түркия үстел теннисінде жаңа серіктестік кезеңін бастады
Құрамалар 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық аясында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырады.
depositphotos
Қазақстан мен Түркия арасындағы спорттық байланыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Жуырда өткен екі ел өкілдерінің кездесуі барысында үстел теннисін дамытудағы маңызды бағыттар талқыланып, нақты жоспарлар айқындалды.
Кездесудің басты тақырыбы 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық мәселесі болды. Тараптар ұлттық құрамалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға келісті. Жоспарланған бірнеше кезеңнен тұратын бұл жиындар спортшыларға тәжірибе алмасуға, шеберліктерін шыңдауға және халықаралық деңгейде өз нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кездесу барысында үстел теннисі бойынша Түркі одағын құру бастамасы көтерілді. Бұл жоба аясында Қазақстан мен Түркиядан бөлек, өзге де түркітілдес елдердің қатысуы қарастырылып отыр. Мұндай одақ құру - спорттық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, ортақ жарыс жүйесін қалыптастыруға жол ашады.