Бүгін командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Жапониямен кездеседі
Құрамалар ширек финалдық жолдаманы сарапқа салады.
Үстел теннисінен Лондонда өтіп жатқан командалық әлем чемпионаты аясында Қазақстан ерлер құрамасы маңызды кезеңге аяқ басты. Бүгін 6-мамыр күні 1/8 финалдық кездесуде қазақстандықтар Жапония құрамасымен шеберлік байқасады.
Кездесу Астана уақытымен сағат 16:30-да басталады. Қарсылас - өте мықты ұжым. Жапония құрамасы әлемдік рейтингте 4-орында тұрса, Қазақстан құрамасы 25-сатыда орналасқан. Соған қарамастан, отандық спортшылар сенсация жасауға дайын.
Қазақстан құрамасының сапында тәжірибелі және жас ойыншылар бар. Атап айтқанда, көшбасшылардың бірі Кирилл Герасименко команда нәтижесіне үлкен үлес қосуда. Сонымен қатар Алан Курманғалиев, Айдос Кенжигулов, Санжар Жұбанов және Искендер Харки де маңызды ойыншылар қатарында.
Ал Жапония сапында әлемдік деңгейдегі шеберлер өнер көрсетеді. Олардың қатарында әлемнің үздік ойыншыларының бірі Томокадзу Харимото бар. Сондай-ақ Сора Мацусима, Шунсуке Тогами, Юкия Уда және Хирото Шинозука да жоғары деңгейдегі қарсыластар.
Бұл кездесу Қазақстан үшін тарихи маңызға ие. Команда бұған дейін де сенімді ойын көрсетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын. Енді басты мақсат - әлемдік алпауыттардың бірін жеңіп, турнирдің ширек финалына өту.