«Альянц Аренада» шабуылдар шайқасы: «Бавария» мен «ПСЖ» финалдық жолдамаға таласады
Жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының финалында лондондық «Арсеналмен» кездеседі.
bookmakers.com
Еуропаның басты турнирі - УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Бавария» мен «ПСЖ» арасындағы текетірес көрермендерге нағыз шабуыл футболының үлгісін көрсетуде. Парижде өткен алғашқы матч қос команда да қорғаныстан гөрі шабуылға басымдық берген тартысты ойын ретінде есте қалды.
«Парк де Пренс» стадионында өткен кездесуде есеп айырмасы небәрі бір доп болды. Алайда ойын барысы екі ұжымның да барынша ашық футболды таңдағанын көрсетті. Қос команда да қарсылас қақпасына үздіксіз қысым жасап, қорғаныста осал тұстарын байқатты.
Қазіргі «Бавария» бұрынғы неміс прагматизміне тән сақтықтан гөрі, шабуылдағы қуатымен ерекшеленеді. Бір кездері Оливер Кан, Штефан Эффенберг секілді ойыншылармен танылған клуб бүгінгі күні қарсылас қақпасын жиі нысанаға алатын батыл стилімен қауіпті. Дегенмен, қорғаныс шебіндегі мәселелер де айқын байқалуда. Дайо Упамекано мен Йонатан Та мықты болғанымен, жылдам шабуылдарға қарсы әрекетте жиі қателеседі.
Соңғы матчтарда тіпті деңгейі төмендеу қарсыластардың өзі мюнхендік клуб қақпасына бірнеше рет жол тапты. Бұл Мануэль Нойер қорғаған қақпа алдындағы тұрақтылықтың әлсірегенін көрсетеді. Сондықтан «Бавария» үшін жалғыз тиімді жол - шабуылды үдету.
Ал, жауапты ойын «Альянц Арена» стадионында өтеді. Өз алаңындағы қолдау «Бавария» клубына қосымша күш беретіні анық. Гарри Кейн бастаған команда үшін жанкүйерлердің қолдауы шешуші факторға айналуы мүмкін.
Статистика да неміс клубының пайдасына - соңғы 29 үй матчында олар небәрі бір рет жеңіліп, 23 рет жеңіске жеткен. Алайда жартылай финал кезеңіндегі тұрақсыздық алаңдатады. Соңғы алты мүмкіндіктің тек біреуінде ғана финалға шыққан.
Ал «ПСЖ» өз кезегінде чемпиондық деңгейін дәлелдеп келеді. Усман Дембеле, Хвича Кварацхелия және Дезире Дуэ бастаған шабуыл шебі қарсыластың кез келген қателігін жазалауға дайын. Дегенмен, Ашраф Хакимидің жарақатына байланысты алаңға шықпауы команда ойынына әсер етуі мүмкін.
Қос команда да финал жолдамасы үшін барын салатыны анық. Сондықтан Мюнхенде өтетін қарымта матч тағы да қауіпті сәттер мен голдарға толы нағыз футбол мерекесіне айналары сөзсіз.
«ПСЖ» - «Бавария» матчы бүгін Қазақстан уақыты бойынша 00:00-де басталады және тікелей эфирді Qazsport телеарнасынан тамашалауға болады.