Дастан Сәтпаев 73-секундта есеп ашып, “Қайсарды” әбігерге салды

“Қайрат” турнирлік кестеде 21 ұпаймен 1-орында тұр.

Дастан Сәтпаев 73-секундта есеп ашып,  “Қайсарды” әбігерге салды kazfootball

Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 20-туры аясында алматылық “Қайрат” қызылордалық “Қайсарды” сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіп, турнирлік кестеде көш бастады. 

Ойын басталысымен-ақ, бар болғаны 73-секундта 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев қарсылас қақпасын дәл көздеп, есеп ашты. 

Екінші таймда “Қайсар” да қарап қалмады. 71-минутта Айбол Әбікен орталық шеңберге жуық жерден керемет соққы жасап, есепті теңестірді. 

Араға жеті минут салып, ойын тағдыры тағы бір шешуші сәтке келді. “Қайсардың” қақпашысы Нұрымжан Салайдин айып алаңында ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. Бірақ дәл осы сәтте ол өз қателігін өзі түзеп, Сәтпаевтың соққысын қайтарып, командасын ойынға қайта қосты.

Матч одан әрі шиеленісе түсті. 79-минутта “Қайрат” ойыншысы Яакко Оксанен екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Көпшілік дәл осы сәтте ойын тағдыры өзгереді деп ойлаған. Алайда алматылықтар керісінше, мінез көрсетті.

88-минутта бұрыштама добынан кейін команда капитаны Александр Мартынович шешуші голды соғып, “Қайратты” алға шығарды.

Қосымша уақытта “Қайсар” таразы басын теңестіруге бір табан жақын болды. Виктор Мозес гол соққандай көрінді. Алайда төреші ереже бұзылуына байланысты голды есепке алмады.

Осылайша, бір ойыншыға кем ойнаса да “Қайрат” маңызды үш ұпайды еншіледі. 21 ұпаймен алматылық клуб турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілді. Ал “Қайсар” 5 ұпаймен 13-орында қалып отыр.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу