Қазақстан құрамасы үстел теннисінен әлемнің ТОП-10 командасының қатарына енді

Бұл Қазақстан құрамаларының әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік нәтижесі.

Қазақстан құрамасы үстел теннисінен әлемнің ТОП-10 командасының қатарына енді ttfrk.kz

Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары үстел теннисінен өткен командалық әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсетіп, ел спортындағы маңызды жетістікке қол жеткізді.

Биыл International Table Tennis Federation (ITTF) командалық әлем чемпионатына іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізіп, финалдық кезеңге тек әлемнің ең үздік 64 құрамасын ғана қатыстырды. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, әлем біріншілігіне жолдама алуды бұрынғыдан да қиындатты.

Осындай жоғары деңгейдегі додада Қазақстанның ерлер құрамасы сәтті өнер көрсетті. Топтық кезеңде қазақстандықтар Түркияны 3:1, Египетті 3:2 және Таиландты 3:1 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне сенімді түрде шықты.

1/16 финалда отандастарымыз Испания құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ал ширек финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Қазақстан Жапонияға 1:3 есебімен есе жіберді.

Әйелдер құрамасы да жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Қазақстандық теннисшілер топтық кезеңде Моңғолияны 3:0, Чехияны 3:2 есебімен жеңіп, Бразилияға 1:3 есебімен жол берді. Кейін шешуші кездесуде Бельгия құрамасын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Алайда 1/8 финалға шығу матчында Швецияға 1:3 есебімен есе жіберді.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстанның ерлер құрамасы 9-орын иеленіп, әлемнің ТОП-10 үздік командасының қатарына енді. Әйелдер құрамасы 17-сатыға тұрақтады.

Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдың 22-30 мамыры аралығында Астана қаласында үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл дода ел тарихындағы ең ірі халықаралық спорттық жарыстардың бірі болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу