Чемпиондар тағы да финалда
«ПСЖ» қатарынан екінші маусымда Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды.
championat
Бір жыл бұрын Мюнхен аренасында «Интерді» шабуылдағы тамаша ойынының арқасында жеңіп, тарихында алғашқы Чемпиондар лигасын ұтқан Луис Энрике командасы бұл жолы да сол қарқынын жалғастырды. Матчтың 3-минутында плей-офф кезеңінде жарқын ойынымен көзге түсіп жүрген Хвича Кварацхелия сол қапталмен алға ұмтылып, айып алаңына еніп, допты көлденең паспен шығарды. Ал Усман Дембеле допты қақпаның тоғыздығына дәл бағыттады - 1:0.
Алаң иелері бірден жауап қайтаруға тырысқанымен, керісінше тағы гол жіберіп ала жаздады. Витинья орындаған айып добынан кейін Жоау Невеш баспен қауіпті соққы жасады. Алайда Мануэль Нойер керемет сейв жасап, допты алыс бұрыштан алып шықты.
Германия чемпионы «Бавария» алғашқы таймның соңына қарай қарқынын күшейтті. Джамал Мусиала алдымен Матвей Сафоновты қақпаны құтқаруға мәжбүр етсе, кейін тағы бір қауіпті соққы жасады. Қосымша уақытта қорғаушы Йонатан Та да баспен дәлдік таныта алмады.
Турнирдің ең мықты екі командасы шабуылдауды жалғастырды. Белсенді ойнаған Дуэнің тағы бір мүмкіндігін Нойер тоқтатса, Майкл Олисе қақпаға тура тепті. Ал Сафонов Луис Диасқа гол соғуына мүмкіндік берген жоқ.
Уақыт өтіп жатты. Ал Венсан Компани командасына кем дегенде екі гол қажет еді. Дегенмен 94-минутта мюнхендіктер есеп айырмасын қысқартты. Шабуылды Леннарт Карль бастап, кейін Альфонсо Дэвис айып алаңына тамаша пас асырды. Нәтижесінде турнирдің үздік сұрмергендерінің бірі Харри Кейн қақпаның тоғыздығына дәл соққы жасады - 1:1. Бұл оның турнирдегі 14-голы болды.
Осы голдан кейін «Баварияда» үміт пайда болғанымен, толыққанды камбэк жасауға уақыт жетпеді.
Нәтижесінде жалпы есепте 6:5 есебімен «ПСЖ» чемпиондар лигасының финалына шықты.
«ПСЖ» мен «Арсенал» арасындағы финалдық матч 30-мамыр күні Будапештегі Пушкаш-Аренада өтеді.