Заңғар Нұрланұлы Германиядағы ITF Juniors J500 турнирінің ширек финалына шықты

Германияның Оффенбах қаласында өтіп жатқан суперсанаттағы ITF Juniors турнирінде ширек финалға жолдама алған теннисшілер анықталды.

Заңғар Нұрланұлы Германиядағы ITF Juniors J500 турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлы жарысты сәтті жалғастырып, үздік сегіздікке енді.

Әлемдік жасөспірімдер рейтингінде 7-орында тұрған әрі турнирдің бірінші нөмірлі ойыншысы атанған қазақстандық үшінші айналымда латвиялық Рихардс Нейманиспен кездесті. ITF Juniors рейтингінде 50-сатыда тұрған қарсыласымен өткен тартысты матч екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Кездесу барысында Заңғар шебер ойын өрнегін көрсетіп, 6:3, 7:6 (8:6) есебімен жеңіске жетті. Әсіресе тай-брейк тартысқа толы өтті. Латвиялық теннисші екі сетбол мүмкіндігін иеленгенімен, қазақстандық спортшы мінез танытып, матч тағдырын өз пайдасына шешті.

Айта кетейік, бұл екі теннисшінің өзара үшінші кездесуі болды. Үш матчтың барлығында да Заңғар Нұрланұлы жеңіске жетіп отыр.

Енді қазақстандық теннисші ширек финалда Испания өкілі Тито Чавеспен кездеседі. Қарсыласы ITF Juniors рейтингінде 24-орында тұр. Матч 8 мамыр күні өтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу