Аңсарбек Ғайнуллин Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды
Әлемнің 39 елінен келген 300-ге жуық үздік спортшы Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде сынға түсуде.
Judo team
Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аңсарбек Ғайнуллин қола медаль жеңіп алды.
Отандасымыз үшінші орын үшін өткен белдесуде молдовалық Влад Митрудан басым түсіп, мансабындағы алғашқы Grand Slam деңгейіндегі жүлдесіне қол жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының еншісіндегі медаль саны үшеуге жетті. Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар күміс жүлдеге ие болса, Шерзод Давлатов қола медаль жеңіп алған еді.
Айта кетейік, халықаралық рейтингтік турнир Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы кешенінде өтіп жатыр. Әлемнің үздік дзюдошылары қатысып жатқан дода 10 мамырға дейін жалғасады.