«Астана» велошабандозы «Джиро д’Италияда» тарихи жеңіске жетті
Томас Сильва қызғылт жейде иеленді.
XDS Astana Team
XDS Astana Team командасының велошабандозы Томас Сильва «Джиро д’Италия» көпкүндігінің екінші кезеңінде жеңіске қол жеткізді.
Томас Сильва аталған жарысқа қатысқан алғашқы уругвайлық спортшы ретінде кезеңде топ жарып қана қоймай, жалпы есепте де көш бастады. Осылайша Томас Сильва келесі кезеңге «Джиро д’Италияның» көшбасшысына берілетін әйгілі қызғылт жейдемен шығатын болды.
Екінші кезең Болгарияның Бургас қаласында басталып, 221 шақырымнан кейін Велико-Тырново қаласында мәресіне жетті. Жарыс спринтпен аяқталды. Шешуші сәтте XDS Astana Team командасының тағы бір велошабандозы Кристиан Скарони Томас Сильваны тамаша позицияға шығарып, уругвайлық спортшы қарсыластарынан озып кетті.
Бұдан бөлек, бүгінгі жеңістен кейін Томас Сильва үздік жас шабандоз классификациясында да бірінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, 8-мамыр басталған көпкүндік 31-мамырға дейін жалғасады.