Халықаралық хоккей федерациясы Қазақстан құрамасын элиталық дивизионға оралуымен құттықтады
2027 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Қазақстан мен Украина құрамалары әлемнің үздік командаларымен күш сынасады.
ашық дереккөзден
Халықаралық хоккей федерациясы IIHF Қазақстан мен Украина құрамаларын әлем чемпионатының элиталық дивизионына оралуымен арнайы құттықтады.
Халықаралық федерация әлеуметтік желідегі ресми парақшасында:
«Элитаға қайта қош келдіңіздер! Топ-дивизион сіздерді күтеді. 2027 жылы кездескенше!» деген жазба жариялады.
Польшаның Сосновец қаласында өткен әлем чемпионатының бірінші дивизионы Қазақстан хоккейі үшін тарихи турнирлердің біріне айналды. Талғат Жайлауов баптайтын ұлттық құрамамыз бес матчтың барлығында жеңіске жетіп, 13 ұпаймен турнир жеңімпазы атанды. Қазақстандық хоккейшілер сенімді ойын өрнегін көрсетіп, элиталық дивизионға лайық екенін дәлелдеді.
Украина құрамасы да жанкүйерлерін қуантты. 19 жылдан кейін әлем хоккейінің ең мықты командалары өнер көрсететін элитаға қайта оралған украиналықтар 10 ұпаймен екінші орын алды.