Астана әлем чемпионатын қабылдайды: Қазақстанға ITTF туы мен Egypt Cup табысталды

2027 жылдың 22-30 мамыры аралығында өтетін әлем чемпионаты Астананы әлемдік үстел теннисінің орталығына айналдырмақ.

Астана әлем чемпионатын қабылдайды: Қазақстанға ITTF туы мен Egypt Cup табысталды ttfrk.kz

Лондонда өтіп жатқан үстел теннисінен әлем чемпионаты аясында Қазақстан үшін тарихи оқиға орын алды. Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туы ресми түрде Қазақстанға табысталып, Астана 2027 жылғы әлем чемпионатының келесі қожайыны ретінде таныстырылды.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин Египет үстел теннисі федерациясының президенті Ашраф Хелмиден дәстүрлі Egypt Cup кубогын қабылдап алды. Бұл кубок 1939 жылы Каирде өткен әлем чемпионаты кезінде Египет королі Фарук I сыйға тартқан тарихи символ саналады. Бүгінде ол әлем чемпионаттарының сабақтастығы мен мемлекеттер арасындағы достықтың белгісі ретінде ерекше маңызға ие.

Сонымен қатар, Қазақстанға ITTF туы табысталып, Астананың 2027 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтыны ресми түрде жарияланды. Қазақстан осылайша Орталық Азия тарихында үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізетін алғашқы ел атанбақ.

Халықаралық үстел теннисі федерациясы Қазақстанда бұл спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ұйым өкілдерінің айтуынша, әлем чемпионатын Астанада өткізу - елімізге көрсетілген үлкен сенім әрі халықаралық спорт аренасындағы беделдің арта түскенінің дәлелі.

2027 жылғы әлем чемпионатына шамамен 1250 ресми қатысушы келеді деп күтілуде. Олардың қатарында спортшылар, бапкерлер, төрешілер, ұлттық федерация делегаттары мен халықаралық спорт қауымдастығының өкілдері бар. Сондай-ақ жарыс шетелдік жанкүйерлер мен туристердің де қызығушылығын арттырмақ.

Дүбірлі дода бес бағыт бойынша өтеді: ерлер арасындағы жекелей сын, әйелдер арасындағы жекелей сын, ерлер жұбы, әйелдер жұбы, аралас жұптар сайысы.

Естеріңізге сала кетейік, әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы шешім 2025 жылдың 27 мамырында Дохада өткен ITTF Бас ассамблеясында қабылданған еді. Дауыс беру қорытындысында Қазақстан Францияны басып озып, жеңіске жетті.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу