Қазақстандық велошабандоз «Баку-Ханкенди турының» екінші кезеңінде жеңіске жетті
Азия және Қазақстан чемпионы Евгений Федоров «Баку-Ханкенди туры» көпкүндік веложарысының екінші кезеңінде топ жарды.
ашық дереккөзден
10-14 мамыр аралығында Бакуде көпкүндік велодода өтуде. Жарыстың екінші кезеңінің соңғы 10 шақырымында қазақстандық велошабандоз фавориттер тобынан қарсы шабуылға шығып, жарыс көшбасшысы Александр Балмерді қуып жетті. Кейін спринтте қарсыласын басып озып, кезең жеңімпазы атанды. Осылайша екінші кезең қорытындысы бойынша Евгений Федоров жалпы есепте көш бастады.
Фавориттер тобы мәре сызығын Федоровтан 9 секунд кейін кесті. Ал XDS Astana Team құрамындағы тағы екі велошабандоз Аарон Гейт пен Хенок Мулюбырхан үздік ондыққа енді. Олар 5-ші және 7-ші орындарды иеленді.
Евгений Федоров кезеңнің өте қиын өткенін айтты. Оның сөзінше, жарыс жоғары қарқында басталып, желдің әсерінен пелотон бірнеше топқа бөлінген. Осы орайда қазақстандық велошабандоз командасының тактикасын жоғары бағалады.