Қазақстан әйелдер құрамасы регбиден Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды

Алматыда әйелдер арасында регбиден Азия чемпионаты өтті.

Қазақстан әйелдер құрамасы регбиден Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды ҚР Туризм және спорт министрлігі

Құрлықтық додада Қазақстан, Жапония және Гонконг құрамалары айналмалы жүйе бойынша бақ сынап, жүлдегерлерді анықтады. Турнир қорытындысы бойынша Жапония құрамасы қатарынан төртінші мәрте Азия чемпионы атанса, Қазақстан құрамасы күміс медаль иеленді. Ал Гонконг құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. 

Қазақстандық регбишілер алғашқы кездесуде Азияның басты фавориті саналатын Жапонияға 12:64 есебімен жол берді. Кейін жапониялықтар Гонконгты 71:12 есебімен жеңді. Ал Қазақстан мен Гонконг арасындағы тартысты кездесу 26:26 есебімен тең аяқталды. Нәтижесінде қазақстандық команда қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыласынан озып, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, Азия чемпионаты екі дивизион бойынша өткізіледі. Қазақстан құрамасы ұзақ жылдан бері жоғары дивизионда өнер көрсетіп келеді және құрлықтағы үздік командалардың бірі саналады.

Әйелдер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты 2006 жылы ұйымдастырылған. Содан бері Қазақстан құрамасы бес рет құрлық чемпионы атанып, төрт мәрте күміс және екі рет қола медаль жеңіп алды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу