15 жастағы Сауат Нұрғалиев ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды

Астанада классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.

15 жастағы Сауат Нұрғалиев ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды

Ел біріншілігінің басты жаңалығы - жас шахматшылар Сауат Нұрғалиев пен Зарина Нұрғалиеваның алтын медаль жеңіп алуы болды.

Ерлер арасындағы турнирде соңғы тур алдында Сауат Нұрғалиев жеке дара көш бастап тұрған еді. Қорытынды партияда астаналық шахматшы алматылық Дінмұхаммед Төлендиновпен кездесті. Шахматшылар алты жүрістен кейін тең нәтижеге келді. Бұл Сауатқа чемпиондық атақты сақтап қалуға толық жеткілікті болды.

15 жастағы шахматшы турнир барысында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Ол бес партияда жеңіске жетіп, сегіз кездесуді тең аяқтады. Нәтижесінде 9 ұпай жинап, Қазақстан чемпионы атанды.

Ал әйелдер арасындағы жарыста Зарина Нұрғалиева мен Меруерт Камалиденова негізгі турнирден кейін тең нәтиже көрсетті. Осыған байланысты чемпион тағдыры блиц форматындағы тай-брейкте шешілді.

Қысқа партияларда Зарина Нұрғалиева қарсыласынан басым түсіп, матчты 2:0 есебімен жеңді. Осылайша 16 жастағы шахматшы алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.

2026 жылғы Қазақстан чемпионатының жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады. Ерлер және әйелдер арасындағы турнир жеңімпаздарына 3 миллион теңгеден табысталды. Күміс жүлдегерлер 2,2 миллион теңге алса, қола жүлде иелеріне 1,5 миллион теңгеден берілді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу