Қазақстандық велошабандоз Бакудегі жарыста топ жарды

Жарыста XDS Astana Team командасы командалық есепте көш бастады.

Қазақстандық велошабандоз Бакудегі жарыста топ жарды XDS Astana Team

Қазақстандық велошабандоз Глеб Сырица «Баку - Ханкенди» көпкүндік жарысының үшінші кезеңінде жеңіске жетті. Жаппай спринтпен аяқталған кезеңде XDS Astana Team командасы тамаша командалық жұмыс көрсетіп, нәтижесінде Сырица мәреге бірінші болып келді.

Жарыс барысында Евгений Федоров пен Аарон Гейт командаласын шешуші сәтте спринтке ыңғайлы орынға шығарып, үлкен көмек көрсетті. Глеб Сырица бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жойқын шабуылымен кезең жеңімпазы атанды.

«Кезең бірқалыпты өтті. Біз соңғы сәтке дейін күшімізді сақтауға тырыстық. Өйткені бәрі спринтпен аяқталатынын білдік. Финал алдында алға шығып, жігіттер тамаша жұмыс атқарды. Әсіресе Евгений Федоров пен Аарон Гейт көп көмектесті. Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Бұған дейін де жеңіске жақын болғанмын. Бірақ жолым болмады. Бүгін бәрі сәтті шықты. Алда тағы екі маңызды кезең бар. Енді соларға дайындаламыз», – деді Глеб Сырица.

Айта кетейік, бұл XDS Astana Team командасының жарыстағы қатарынан екінші жеңісі. Бұған дейін Евгений Федоров екінші кезеңде жеңіске жеткен еді.

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша Евгений Федоров жалпы есептегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Ал Глеб Сырица ұпайлық есепте бірінші орынға көтерілді. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу