«ПСЖ» Франция чемпионы атанды
Париж клубы осымен өз тарихында 14-мәрте Франция чемпионатында жеңіске жетті.
ПСЖ ФК
«ПСЖ» мерзімінен бұрын Франция чемпионы атанды. Париждік клуб кейінге шегерілген 29-тур матчы аясында «Ланс» командасын 2:0 есебімен жеңіп, чемпиондықты ресми түрде қамтамасыз етті.
Кездесу Ланс қаласында өтті. Ойынның 29-минутында грузиялық шабуылшы Хвича Кварацхелия есеп ашса, матчтың соңғы секундтарында Ибраим Мбайе екінші голды салды.
Сондай-ақ париждік клубтың қақпашысы Матвей Сафонов қарсыластың сегіз соққысының барлығын қайтарып, матч қаһармандарының біріне айналды.
Осы жеңістен кейін «ПСЖ» 76 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші тұрған «Ланс» командасынан оқ бойы озып кетті. Париж клубы осымен өз тарихында 14-рет Франция чемпионы атанып, қатарынан бесінші маусымда алтын медаль жеңіп алды.
Енді «ПСЖ» маусымдағы соңғы турда 17 мамыр күні «Париж» клубымен кездеседі. Ал 30 мамырда Будапештте өтетін Чемпиондар лигасының финалында лондондық «Арсенал» командасымен ойнайды.