«Интер» Италия кубогын жеңіп алды

«Интер» 10-мәрте Италия кубогында жеңіске жетті.

«Интер» Италия кубогын жеңіп алды Интер ФК

13 мамыр күні Римдегі «Олимпико» стадионында Италия кубогының финалы өтті. Шешуші кездесуде римдік «Лацио» мен миландық «Интер» өзара мықтыны анықтады. Бұған дейін Кристиан Киву баптайтын ұжым Италия чемпионатында топ жарған еді. Енді команда алдында алтын дубль жасау міндеті тұрды.

Матч «Интер» үшін сәтті басталды. Ойынның 14-минутында бұрыштамадан асырылған доптан кейін Адам Марушич өз қақпасына гол соғып алды. Ал 35-минутта Лаутаро Мартинес есепті еселей түсіп, финал тағдырын шешіп берді.

Қорытынды есеп - 2:0. Осылайша «Интер» өз тарихында 10-мәрте Италия кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар Кристиан Киву жетекшілік ететін команда биыл чемпионат пен кубокты қатар ұтып, алтын дубль жасады.

Матчтан кейін миландық клубтың шабуылшысы Маркус Тюрам өткен маусымдағы сәтсіздік биылғы жетістікке мотивация болғанын айтты.

- Өткен маусым бізге үлкен сабақ болды. Сол сәтсіздік бізді жігерлендірді. Қазір өте қуаныштымыз. «Интер» мен келгенге дейін де ұлы клуб еді. Бірақ бұл жетістіктің орны бөлек, - деді Тюрам.

Айта кетейік, бұған дейін «Интер» Италия кубогын соңғы рет 2022/23 жылғы маусымда жеңіп алған болатын. Ол кезде команданы Симоне Индзаги жаттықтырған еді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу