Түркістанда теңге ілуден әлем чемпионаты өтіп жатыр
50-ге жуық шабандоз әлем чемпионатында сынға түсуде.
ulttyqsport.kz
Түркістанда ұлттық спорттың мәртебесін асқақтататын ірі халықаралық дода - теңге ілуден ІІ Әлем чемпионаты өтіп жатыр. 13-15 мамыр аралығында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің 10 елінен келген үздік спортшылар қатысуда. Жалпы саны 50-ге жуық шабандоз бақ сынап жатыр.
Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі - тарихта алғаш рет әйелдер арасындағы жарыстың өтуі. Ат үстіндегі бәсекеде 12 ару өзара мықтыны анықтайды.
Жарыс «Бес белес», «Қос құлаш» және «Алтын тұяқ» стильдері бойынша өтеді.
Қазақстан құрамасы сапында «Алтын тұяқ» стилінде Бақтыбай Қанат, «Бес белес» бойынша Сапар Бейбарыс, ал «Қос құлаш» стилінде Түлкібай Азат ел намысын қорғауда.
Айта кетейік, бүгін «Қос құлаш» стилінде Түлкібай Азат алтыннан алқа тақты. Ал екінші және үшінші орындарды қырғызстандық спортшылар иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, теңге ілу қазақ халқының көне ат спортының бірі. Ат үстінде шауып келе жатып жердегі теңгені іліп алу шеберлік, ептілік және ерекше дайындықты талап етеді. Соңғы жылдары ұлттық спорт түрі халықаралық деңгейде қарқынды дамып, әлем чемпионаттары тұрақты түрде өткізіліп келеді.