«Қайрат» футзал клубы бас бапкерімен қош айтысты
Клубтың жаңа бас бапкері кім болатыны әзірге белгісіз.
Бүгін Алматының «Қайрат» футзал клубы бас бапкер Даниэль Жуниормен арадағы келісімшартты тоқтатты. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, тараптар өзара келісім негізінде ынтымақтастықты аяқтаған. Келісімшарттың бұзылуына маманның отбасылық жағдайы себеп болған.
Клуб өкілдерінің айтуынша, бұл шешім команда үшін де күтпеген жағдай болған. Даниэль Жуниор клуб президентіне жеке өтініш жасап, шұғыл түрде Бразилияға оралуы қажет екенін айтқан. Белгілі болғандай, бапкер жұбайымен бірге жеті жылдан бері бала асырап алу кезегін күтіп келген. Қазіргі уақытта олардың кезегі келіп тұрғандықтан, маман елге қайтпаса, бұл процесті қайтадан ұзақ уақыт күтуіне тура келеді.
Даниэль Жуниор «Қайратты» өткен жылдың тамыз айында тізгіндеген еді. Оның жетекшілігімен алматылық клуб Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына дейін жетті. Сонымен қатар команда Қазақстан Кубогының жартылай финалына шығып, тартысты кездесуде «Ақтөбеден» 4:5 есебімен жеңіліп қалды.
Бразилиялық маман аз уақыт ішінде командамен бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізіп, халықаралық және ішкі жарыстарда өзін көрсете білді.