“XDS Astana Team” велошабандоздары “Джиро д’Италия” кезеңінде сәтті өнер көрсетті
Италияда өтіп жатқан әлемдегі ең беделді велододалардың бірі - “Джиро д’Италия” жарысында “XDS Astana Team” командасының велошабандоздары кезекті кезеңде жоғары нәтиже көрсетті.
XDS Astana Team
Жарыстың 203 шақырымға созылған 5-кезеңі Прая-а-Маре қаласынан Потенцаға дейін өтті. Күн бойы нөсер жаңбыр жауып, спортшылар үшін өте қиын болды. Соған қарамастан қазақстандық клуб шабандоздары белсенді шабуыл жасап, жарыстың алдыңғы тобынан көрінді.
Команда сапынан Томас Сильва мен Кристиан Скарони ұзақ уақыт көшбасшылар тобында жүрді. Қорытынды таулы кезеңде шабуылдар күшейіп, негізгі топ бірнеше бөлікке бөлінді. Сол сәтте екі велошабандоз да жарыстың алдыңғы бөлігінде қалуға тырысты.
Нәтижесінде Томас Сильва мәреге үшінші болып келді. Ал оның командаласы Кристиан Скарони бесінші орынды иеленді. Сонымен қатар Скарони жалпы есепте жоғарылап, бас классификацияда үшінші орынға көтерілді.