Жания Бекмұхамбетова WTT Youth Contender турнирінде алтын медаль жеңіп алды
Қазақ қызы Ташкент төрінде топ жарды.
ашық дереккөзден
Өзбекстан астанасы Ташкентте 13-16 мамыр аралығында өтіп жатқан халықаралық «WTT Youth Contender Tashkent» турнирінде қазақстандық жас спортшы Жания Бекмұхамбетова жарқын жеңіске жетті.
Халықаралық додаға Әзербайжан, Беларусь, Қытайдың Гонконгы, Қазақстан, Үндістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің спортшылары қатысуда. Қазақстан намысын түрлі жас ерекшелігі бойынша 76 теннисші қорғап жатыр.
U13 жас санатында өнер көрсеткен қостанайлық Жания Бекмұхамбетова турнир барысында алты матч өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Финалда ол өзбекстандық Ясмина Назаровамен кездесіп, 3:0 есебімен басым түсті. Кездесу 11:7, 11:3, 11:7 есебімен аяқталды.
Осылайша, жас теннисшіміз халықаралық турнирдің алтын медалін жеңіп алып, Қазақстан қоржынына кезекті жүлдені салды.