XDS Astana Team велошабандозы Неаполь көшелерінде жеңіс тойын тойлады

XDS Astana Team «Джиро д’Италияда» командалық есепте көш бастап тұр.

XDS Astana Team велошабандозы Неаполь көшелерінде жеңіс тойын тойлады

Италияның Неаполь қаласында өткен әйгілі көпкүндік веложарыс - «Джиро д’Италия» додасының алтыншы кезеңінде XDS Astana Team өкілі давиде Баллерини тамаша жеңіске қол жеткізді. Италиялық спортшы мәреге бірінші болып жетіп, командасына биылғы «Джиро» аясындағы кезеңдерде екінші жеңісті сыйлады.

Жарыстың шешуші сәті соңғы бұрылыста орын алды. Жаңбырдан кейін тайғақ тартқан тас жолда Баллеринидің сол жағында бірнеше велошабандоз жаппай құлап қалды.  Сол сәтте XDS Astana Team-нің тағы бір спринтері Маттео Малучели де оқиға ортасында қалды. Алайда Баллерини ішкі радиуспен сытылып шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді.

Мәпеге 250 метр қалғанда ол спринтті бастап, мәреге дейін көшбасшылықты сақтап қалды. Жеңістен кейін Давиде Баллерини бұл табыстың өзі үшін ерекше болғанын айтты.
Ол сондай-ақ командадағы атмосфераның өте жақсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, XDS Astana Team велошабандоздары бір мақсат жолында жұмылып, бір-біріне үлкен қолдау көрсетіп келеді.

Айта кетейік, бұған дейін командаласы Томас Сильва «Джиро д’Италияның» екінші кезеңінде жеңіске жетіп, екі күн бойы жалпы есеп көшбасшысына берілетін қызғылт жейдені иеленген болатын.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу