Қазақстан Падел Турының II кезеңі Алматыда өтеді
Турнир олимпиадалық жүйе бойынша өтеді.
28-31 мамыр аралығында Алматы қаласында паделден Қазақстан Падел Турының екінші кезеңі ұйымдастырылады. Елдегі басты рейтингтік турнир саналатын жарысқа Қазақстанның үздік спортшыларымен қатар шетелдік ойыншылар да қатысады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды.
Байрақты бәсеке ADD Padel and Table Tennis Center корттарында өтеді. Турнир аясында ерлер мен әйелдер арасында А және B санаттары бойынша жүлделер сарапқа салынады. Әсіресе, А санатында елдің ең мықты жұптары өнер көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Kazakhstan Padel Tour - елдегі ресми рейтингтік мәртебеге ие жалғыз турнир. Әр кезеңнің нәтижесі ойыншылардың ұлттық рейтингіндегі орнына тікелей әсер етеді.
Жарыстың басты ерекшеліктерінің бірі - халықаралық формат. Әр жұпта міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс, ал екінші ойыншы шетелдік спортшы бола алады. Бұл қазақстандық паделшілерге халықаралық тәжірибе жинап, бәсекелестік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.