Қазақстан теннисшілері Billie Jean King Cup Juniors турниріне іріктеуде 7-орын үшін таласады

Қазақстан құрамасы Үндістанмен кездеседі.

Қазақстан теннисшілері Billie Jean King Cup Juniors турниріне іріктеуде 7-орын үшін таласады ktf.kz

Бүгін Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасы Шымкентте өтіп жатқан Billie Jean King Cup Juniors (U16) турнирінің аймақтық іріктеу кезеңінде 7-орын үшін таласады. Азия-Мұхит аймағының үздік командалары қатысқан жарыста отандастарымыз 5-8 орындар үшін плей-оффта Қытай құрамасына есе жіберді.

Кездесу тартысты басталды. Алғашқы жекелей матчта Тамина Сәкен қытайлық Цзиньлин Шиді 6:4, 6:4 есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Алайда екінші ойында Каролина Лигай Шан Фанъюйге қарсы өткен ауыр матчта 2:6, 5:7 есебімен ұтылып қалды.

Осылайша матч тағдыры жұптық кездесуде шешілді. Қазақстан сапынан Мариям Нұржан мен Тамина Сәкен өнер көрсетсе, Қытай құрамасы Шан Фанъюй мен Сунь Цзяи жұбын шығарды. Қос сетке созылған кездесуде қарсыластар 6:2, 7:5 есебімен басым түсті.

Енді Қазақстан құрамасы турнирдің соңғы ойын күнінде 7-8 орын үшін Үндістанмен кездеседі. Ал жарыстың басты финалында Жапония мен Оңтүстік Корея құрамалары чемпиондық атақты сарапқа салады. Үшінші орын үшін Тайбэй мен Аустралия командалары өзара мықтыны анықтайды. Айта кетейік, жартылай финалға шыққан төрт құрама да күзде Чехияда өтетін әлемдік финалдық кезеңге жолдама алып үлгерді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу